31 Июл 2020

«Ақ халатты абзал жандарға мың алғыс!» Бəрімізге белгілі, дүниежүзіне қара түтіндей таралған COVID-19 пандемиясы Қазақстанға да өзінің зиянын тигізбей кеткен жоқ. Соған байланысты елде карантин тəртіптері орнады. Карантин кезінде еңбек майданында жүрген медицина мамандарының қазіргі таңда атқарып жатқан еңбектері орасан зор. Бүгінде көптеген еріктілер тобы мен көптеген жастар отандық БАҚ-пен әлеуметтік желіде дәрігерлерге қолдау ретінде әртүрлі бастама көтеріп жатыр.

Әуелден «ақ халатты абзал жан» деп ардақтап келсек те, қазір олардың қадірін шынайы ұғынғандай болдық.Әр саланың қиындығы мен қызығы бар десек, өмір мен өлім арасындағы қызметке бас тігу үшін үлкен жүрек керек. Шеттегі дәрігерлердің тәж-тажалмен күресте, дерт жұқтырып қаза болып жатқанын ашық ғаламтор желілерінде жəне БАҚ-ның веб-сайттарында жарыса жазғандарын оқып жүрміз. Бұл ретте дəрігерлерге қолдау білдіріп, олардың еңбегін біз, яғни жастар айтпаса, кім айтады?!Бүгінде елімізде қаншама адам вирус жұқтырып, емделіп жатыр. Қанша дәрігер олардың қас-қабағын бағып жүргенін ескеріңіз, науқас жандар жат болса да жақынына айналып кеткені анық. Сол аты жаман дерттен халықты құтқарамын деп, өз отбасы мен, жақын туыстарымен қауыша алмай жүрген мыңдаған дəрігерлеріміз бар. Құрметті ақ халатты абзал жандар, біз жастар əрқашанда сіздермен біргеміз. Сарыағаш қаласы тұрғындарының атынан адамзат баласының тәні мен жанының емшісі бола білген дәрігерлерге мың алғыс!

Рашидов Низамиддин