30 Июл 2020

Карантин кезінде құрбан айт мерекесі қалай өтеді?

Құрбанды айттың бірінші күні шалған абзал
Республика мешіттерінің жабық болуына байланысты биыл құрбан айт намазы оқылмайды.
Құрбан айт мерекесі биыл 31 шілде және 1-2 тамызда атап өтіледі. Айт мерекесінің бірінші күні жұмаға сәйкес келетіндіктен, бұл күн ел заңнамасы бойынша демалыс күні болып есептеледі. Сондай-ақ, айт күндері биыл карантин мерзімімен сәйкес келіп отыр. Соған байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды. Бұл туралы республиканың бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы хабарлады.
Онлайн құрбан шалу рәсімі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл алғаш рет қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Ол сайты арқылы жүзеге асады. Сайтта 30 шілдеге дейін құрбан шалуға онлайн тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ, мұқтаж жандар да құрбандық етін алуға өтініш бере алады.

«Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Биыл мал таңдап, құрбандық шалу рәсіміне қатысу мүмкін болмай тұр. Онлайн құрбан шалу барысында имамдарымыз делдалдық қызмет жасамайды, екі ортада жүріп пайда табумен айналыспайды. Біздің міндет – құрбан шалу рәсімін ұйымдастыру және құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіріп беру», – деді Қазақстан мұыслмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Биылғы құрбан шалу рәсімінің тағы бір ерекшелігі – ет түгелдей мұқтаж жандар мен отбасыларға үлестіріледі. Бұрын құрбандық етінің үштен бірі құрбан шалған адамға берілетін де, ол сол еттен тағам әзірлеп, ағайын-туы, көрші-қолаңға дастархан жаятын. Алайда карантин кезінде мұндай шаралар өткізуге тыйым салынғандықтан, құрбандық еті түгелдей мұқтаждарға таратылады.



Әр облыста құрбан шалу орны дайындалып, рәсім жергілікті әкімдік пен санитар дәрігерлердің рұқсатымен және тәртіп сақшыларының қадағалауымен атқарылады. Басты талап – карантин талаптарының қатаң сақталуы.
Онлайн құрбан шалуға қатысты мәлімет алғысы келген кез келген азамат діни басқарма мен облыстық мешіт жанынан құрылған ақпарат беру орталықтарына хабарласа алады.
Құрбан шалуға тапсырыс беру
• құрбан малын шалу үшін тапсырыс беру;
• құрбандық етін алу үшін өтініш қалдыру (мұқтаж жандар үшін);
• құрбан шалынғаны туралы мәлімет.
Тапсырыс беру кезінде ең алдымен өңірді таңдау қажет. Кейін аты-жөніңіз бен телефон нөміріңізді жазып, шалуға ниетті құрбандық малын белгілейсіз. Құрбандыққа қой, ірі қара, ешкі және түйе ұсынылады. Ірі қара мал мен түйені бір немесе жеті адам бірлесіп таңдай алады. Ал қой мен ешкіні бір адам таңдайды. Одан кейін экранда құрдан малының құны шығады.
Құрбандық малының бағасы әр өңірде әртүрлі:
• ешкі 35-40 мың теңге аралығы;
• тоқты – 40-45 мың теңге аралығы;
• қой – 50-60 мың теңге аралығы;
• ірі қара – 300-450 мың теңге аралығы;
• түйе – 450-800 мың теңге аралығы.
Тапсырыс мәліметтерін толтырып біткен соң «құрбандық есебі қажет пе?» деген сауалға жауап беру қажет. Алайда, құрбандық туралы фото және бейне есеп алу үшін тапсырыс берушінің телефонында WhatsApp мессенджері болуы міндетті.
Бұдан соң электронды тапсырыс нөмірі беріледі және төлемақы жасауға қажетті реквизиттер ұсынылады. Төлем жасалғаннан кейін телефонға тапсырыстың қабылданғаны жөнінде хабарлама келеді.
Құрбандық етін алуға өтініш беру
Ол үшін сайттың «құрбандық етін алу үшін өтініш қалдыру» бөліміне өтіп, келесі мәліметтерді жазу қажет:

• өңір аты;
• ЖСН, аты-жөн, телефон нөмірі, етті жеткізетін мекенжай;
• әлеуметтік жағдайын (көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты және т.б.) таңдап, оны растайтын құжатты жүктеу керек.
Өтініш берген мұтаж жандарға құрбандық етін волонтерлер таратады.
Ескерту:
• ауқатты және мұқтаж емес адамдар өтініш бере алмайды;
• жәрдемге мұқтаж жандар құрбандыққа шалынатын малдың санына қарай көмек алады.

Құрбандық шалынғаны туралы ақпарат алу
Тапсырыс берген адам сайттың «құрбан шалынғаны туралы мәлімет» бөлімінде телефон нөмірін жазу арқылы құрбандық туралы қажетті мәлімет ала алады. Құрбандық сойылған соң оператор тапсырыс иесіне хабарлама жолдайды. Бейнежазбамен дәлелдеуді қажет еткен өтініш иелеріне WhatsАpp желісі арқылы бейнеесеп жіберіледі.
Ауылдық елді мекендерде тұратын адамдардың үй ауласында құрбан шалуына рұқсат.